КЕЛІН

lat: KELİN /44/

зат. 1. Баласының (інісінің) әйелі ата-анасына (ағасына) келін болады.

Бар әжеңе! деді дағы бір жекіріп балаға,

Асау келін абыр-сабыр атып шықты далаға (2,368).

Келіннің бетін ашқан-ды,

(Иіліп байғұс жасқанды).

Жасқанды дағы жас қалды.

Ертесі соғыс басталды,

Алды да кетті жастарды (3,158).

2 . Жаңадан тұрмысқа шыққан әйел; келіншек .

Қойшы үйі. Жаңа жылдың дастарқаны.

Жас келін жатырқамай ас тартады.

Мөп-мөлдір құтыларға құйған шарап,

Жалт етсе, жанарыңды жасқантады (1,310).

Келін қалай сілтейді, ә?

Енді жеткізбейді, бол, деп,

Әбіт бастықты қайрап қояды (4,186).

Қаратпа сөз ретінде де қолданылады .

Ей, келін , тілің қандай ащы еді, қарағым, жас басыңмен (4,161).